"Алматы облыстық
тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық" КММ

    Қарамерген қалашығы ІХ-ХІІІ ғасыр.

     

    Қарамерген — ІХ-ХІІІ ғасырлардағы Іле өзенінің бойындағы отырықтанған ең  ірі және солтүстіктегі жер өңдеу өркениеті дамыған ортағасырлық қалалардың ең көнесі болып табылады.   Ұлы Жібек жолы Қарамерген қалашығы арқылы Орталық Қазақстанға және Шығыс Европаға баратын маңызды қала қызметін атқарды. Қаланың дамуында сауда үлкен рөл атқарды. ХІ-ХІІІ ғасырларда Монғолияның батысы мен Іле аймағын байланыстыратын саудалық және дипломатиялық жол маңызды орын ала бастады. Осы кездері Солтүстік-Шығыс Жетісуда ислам, сонымен бірге  араб тілі алфавиті және жазуы кең тарады. Ұлғайып, көркейген шағы XII-XIII ғасырларға сәйкес келеді.  

      

    Қазіргі уақытта  Балқаш ауданы  Бақанас мекенінен солтүстік-шығысқа қарай 200км, Шет-Бақанасқа құйылатын Ортасу құрғап қалған арнасынан солтүсікке қарай 3 км жерде орналасқан.

     

    Қарамерген қаласының пішіні ұзын жағы 120 м, қысқа жағы  110 м төртбұрыш түрінде болып келген. Қала территориясын қоршап тұрған қамал-қабырғалар қазір шөгіп, жал-жал үйінділерге айналған. Алайда соған қарамастан, қазірдің өзінде 3м-ге жететін оның биіктігі көңілге жақсы әсер қалдырады. Ал бұрыштардағы биіктігі екі қабат үйдің биіктігіндей болатын мұнаралардың орны адан әрмен таңқалдырады.

     

    Бұрыштардағы мұнараларды қоспағанда, әр тараптағы қабырғалардың әрқайсысының бойында тағы екі-екіден кішірек мұнаралар бар. «Г» тәріздес жасалған кіреберіс жерлер солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс қабырғалардың орта тұсынан байқалады. Қамалдың сырт жағында қабырғалардың дәл түбінде бір кездері сумен толтырылған терең орлардың ізі жатыр. Қазір оларды топырақ басып қалған. Қарамергенде екі шурф қазылу, зерттеу нәтижесінде қаланың бір қабатты екені анықталып отыр. Мәдени қабаттың қалыңдығы орташа есеппен алғанда 0,8- 1,3 м.  Бұл мекеннен табылған қыш ыдыстардың қалдықтарына қарап, оларды  Х  ғасырға жатқызуға болады,ал қала өз өмірін ХІІІ ғасырда тоқтатқан деп жорамалдаймыз. Іле аймағыда өмір сүрген көне қалалар орнын қазғанда металл, керамика, сүйек, алтын және күмістен істелген бұйымдар көптеп табылды.