"Алматы облыстық
тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық" КММ

    Қойлық қалашығы ҮІІІ-ХІҮ ғасыр

     

    Ортағасырлық Қойлық қалашығы Іле жазығының ең ірі қалажұрты. Қазіргі Алматы облысы Сарқан ауданы Қойлық  ауылының шығыс шетінде Ащыбұлақ өзенінің жағасында орналасқан. Қойлық қалашығының жалпы аумағы 231,3 га. Оның ішінде қалашықтың аумағы 85,2 га, қорғау аймағы 30.6 га, құрылыс салуды реттеу аймағы 60,0 га, қорғалатын табиғат ландшафты аймағы 55,5 га. Қойлық ХІ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы жазбалардан қарлұқ жабғуларының астанасы ретінде Қаялық атауымен белгілі. Кейін Шағатайлықтардың аса ірі саяси-мәдени экономикалық орталығы болды.Қаланың көлемі оңтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 1 км қашықтықта созылып жатыр. Әр 20-25 метрде бір мұнарасы бар қала қабырғасының солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс жақтары жақсы сақталған.

     

    Қала орнының үстінен қарағанда оның солтүстік-шығыс қабырғаларында кірер қақпалардың болғанын және оңтүстік бөлігінде, Ащыбұлақ өзенінің бойында құрылыстардың орналасқанын байқауға болады. Орталық зал мен дәліздердің орындарын аршып алу кезінде, үлкен хумдардың сынықтары табылды. Сондай-ақ шүмегі бар құмыра да аршылып алынды. Құмыраның шүмегі бұқаның басы кейпінде  жасалған екен. Бұл қыш ыдыс ХІІ-ХІІІ ғасырларға жатады деп саналады. Басқа табылған заттар ішінен көзге түсіп, атап өтуге болатындары-темір қанжар, есіктің темір топсалары, сонымен бірге қоладан жасалған заттар.      

     

    Археологиялық тұрғыдан  Қойлық қалашығын  зерттеу К.М.Байпақовтың басшылығымен 1964 жылы басталып, қалашықтың жоспары түсірілді. Жұмыстар 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан Кешенді Археологиялық Экспедициясының аясында жалғасын тауып, «будда ғибадатханасы» деп анықталған нысанмен қоса қалашық цитаделінде орналасқан тұрғын жай аршылды.2001 жылғы зерттеу жұмысы нәтижесінде күйдірілген кірпіштен соғылған «хаммам» типтіндегі монша қазылды. Сондай-ақ осы уақытта қала пайда болғаннан бері тұрғызылған кесене зерттелді.

     

    Ашылған ескерткіштер көлемді археологиялық-музейлендіру зерттеулерін бастауға мүмкіндік береді. – Іле жазығындағы орта ғасырлық ескі қала орны. Ащыбұлақ өзенінің жағасындағы қазіргі Қойлық ауылының шығыс жақ шетінде орналасқан. Орта ғасырларда ол Жетісудың ірі-сауда-қолөнер және мәдениет орталығы болды. Қала өзінің базарларымен аты шықты. Мұнда мұсылмандар, христиандар, буддистер тату-тәтті өмір сүрді.