"Алматы облыстық
тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық" КММ

     

    Талғар  қалашығы  ҮІІІ-ХІҮ ғасыр.

     

    Ортағасырлық Талғар (Талхиз) қаласы - Алматы қаласынан 25 шақырым шығысқа қарай, қазіргі Талғар қаласының оңтүстік жағында орналасқан. Бұл  -  Іле жазығының ең ірі қалаларының бірі.

     

    Талғар ірі әкімшілік, саяси, сауда орны ретінде парсы жазба деректерінде Х ғасырда  көрсетіле бастады. Қала  VIII ғасырдан XIII ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді. Х-ХІІ ғасырда мұнда төрт мыңға тарта адам тұрадын, жеті жүзден асатын усадьба үйлер болған. Қалада көше бойы орналасқан үйлердің қордаланған орны болып келеді. Тұратын бөлмелерде үйді жылытуға және тамақ дайындауға арналған тандыр ошақтар болатын. Шаруашылыққа арналған үйлерде жер асты қоймасы, тамақ қорын сақтайтын қамбарлар, астық сақтайтын қамба болатын.

     

    Талғарда сауда, ауыл шаруашылығы, құмырашылар, темір соғыу, шыныдан, жезден бұйымдар жасаушылардың кәсіпшілігі, зергерлік шаруашылық дамыды. Қала өңірінде Ұлы Жібек жолы бойымен өтетін халықаралық сауда маңызды рөл атқарды. Орта ғасыр қалаларында құйып жасалған және Талғар ескі қала орнында табылған монеталар сонау ертедегі кездерде де сауда қатынастарының кең түрде дамығанын көрсетеді.

     

    Көп жылдарға созылған осындай қазба жұмыстарының барысында Талхирдің жалпы көрінісімен қоса қаланың салыну жоспарын, тұрғындарының өмір салты мен немен шұғылданғандарын, тұрғын үйлер мен қорғаныс құрылыстарын, олардың тұрмысқа қажетті жағдайлармен жабдықталуының, сумен қамтамасыз етілуінің сипаттарын ашуға мүмкіндік туды. Кәсіпкерлер шеберханаларының қалдықтары мен қыштан, темірден, қоладан, шыныдан жасалған бұйымдардың арқасында көзешілік, ұсталық, зергерлік сияқты кәсіпкердің даму деңгейі анықталды. Сондай-ақ Талхирдің Х-ХІІІ ғасырларда Иранмен, Қытаймен, Орта Азиямен, Үндістанмен, Жапониямен жасаған халықаралық байланыстары айқындалды.

     

    Қала бір-бірімен қиылысатын көшелер арқылы тор жасап, кварталдарға бөлінген. Әр кварталда 12-14 үй-жай болған. Олардың өзі тар көшелер арқылы өзара байланысып жатқан. Мұндай кварталдарда сірә, туысқан адамдар тұрған болу керек.Үй-жайлардың өздеріне тән белгісі, құрылымы болған: олар үйдің өзінен және ауласынан құралған. Ауланың үлкен-кішілігі үй қожасының тұрмыс жағдайына, дәулетіне байланысты. Өйткені қай уақытта да қалада жер қымбат болатыны белгілі.

     

    Ортағасырлық Талхир қаласында сол кездің өзінде тұрмысқа қажетті барлық жағдайлар жасалған. Тұрғындардың өмір сүру дәрежесі біршама жоғары болған. Мәселен, археологтардың анықтауынша, оның басты көшелеріне тас төселіп, қыш құбырлар арқылы қалаға ауыз су келіп тұрған. Пайдаланылған су арнайы жасалған құдықтарға жеткізіліп, қаланың сыртына шығарылып отырған.

     

    Талхир қаласы өз заманында халықаралық және жергілікті сауда орталығы  ретінде де кеңінен дамыған. Сауда қалалықтар мен ауыл тұрғындарының өмірінде маңызды рөл атқарған.

     

    Сонымен қатар Ұлы Жібек жолындағы халықаралық сауда да қала тіршілігіне үлкен ықпал еткен. Себебі, Жібек жолы дәл осы жерден жан-жаққа тарамдалғандықтан, Талхир керуен жолдарының тоғысқан жерінде, түйілісінде орналасқан. Оның бір тармағы солтүстік-батыс бағытта Талғар өзенінің бойымен төмен өтіп, Іле өзенінің өткеліне қарай кететін де, сол жерден Жоңғар Алатауына, Алакөлдің жағасына жетіп, одан ары Қытай асатын. Екінші тармағы шығысты бағытқа ала қазіргі Шелекті басып өтіп Шарын шатқалымен, әрі қарай Іленің оң жағалауын бойлай қазіргі Жаркент, Қорғас жерімен Қытайға жететін немесе Шелектің үстімен жүріп отырып, одан ары қазіргі Райымбек (Нарынқол) ауданының жері арқылы Қытайға апаратын.

     

    Талғарда сауда, ауыл шаруашылығы, құмырашылар, темір соғы, шыныдан, жезден бұйымдар жасаушылардың кәсіпшілігі, зергерлік шаруашылық дамыды. Қала өңірінде ұлы Жібек жолы бойымен өтетін халықаралық сауда маңызды рөл атқарды.